Маңғыстауда "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында тұрғындардың несиеге қатысты мәселелері шешілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мәселен, Бейнеу ауданының тұрғыны жұмыссыздығына, ал Өмірзақ ауылының тұрғыны жалақының аз болуына байланысты несиесін төлей алмай, шоттары бұғатталған. ҚР-нан шығуға тыйым салынған. Жоба аясында заңгерлік кеңес берілді, атқару парағының күші жойылып, шоттары ашылды. Сонымен қатар несиені қайта құрылымдау үшін құжаттар ұсынылды.
Ақтау қаласының 1995 жылғы тұрғыны автокөлікті несиеге алған. Ерлі-зайыптылар ажырасқандықтан, несиені төлей алмаған. Бұдан бөлек тұрғынның акционерлік қоғамдар мен микроқаржы ұйымдары алдында жалпы сомасы шамамен 10 000 000 теңге болатын 15 қарыз міндеттемесі бар. Ол жоба аясында мамандардан есепшоттарын бұғаттамауын, сондай-ақ ҚР-нан шығуға тыйым салуды алып тастауды, содан кейін төлем қабілетсіздігіне байланысты жаңа кесте жасауды сұрайды.
Мамандар заңгерлік кеңес бергеннен кейін атқару парақтары жойылды, шоттары ашылды. Жеке сот орындаушысының қызметі несие сомасының 10%-ы үнемделді және жаңа кесте құру туралы АҚ-на арыз жазылды.
Сондай-ақ Бейнеу, Қызылтөбе, Құрық, Ақтау, Мұнайлыдан ажырасқан, жалғызбасты, мүгедек жандар қаржылық жағдайға, жалақы мен жәрдемақының аз болуына байланысты қарыз міндеттемесін уақытылы орындамаған. Оларға "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында заңгерлік кеңес берілді. YEGOV арқылы соттан тыс банкроттық туралы арыз беру үшін құжаттарды тексеру және толық қамтамасыз ету ұсынылды. Жаңа кесте құру туралы АҚ-на арыз жазылды.
Жобаға қатысушылардың 71%-да кредит бар. 1 несие – 19%, 2 несие – 22%, 3 және одан да көп несие – 29%. 90 күннен астам кешігулер кредиттелген қатысушылардың үлесі - 8%.
Жалпы облыста «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 833 адам қаржылық сауатын көтеріп, сертификат алды.